Микразим / Бұл қызық / Панкреатит

Панкреатит

Методы диагностики хронического воспаления поджелудочной железы

  1. Патологияны сипаттау
  2. Жіктемесі және түрлері
  3. Себептері
  4. Симптомдары
  5. Асқынулар
  6. Диагностика
  7. Лечение
  8. Профилактика

Ұйқы безі асқазанның артында орналасқан, оның жолы он екі елі ішекке ашылады. Панкреатит – осы органның тіндеріндегі қабыну процесінен туындаған ауру.

Патологияны сипаттау

Панкреатит

Ұйқы безі екі негізгі функцияны орындайды:

  • ас қорыту ферменттерін бөледі, олар жолдар арқылы он екі елі ішекке өтіп, онда белсенділенеді және ақуыздар мен майларды ыдыратуға қатысады;
  • гормондар секрециясы – инсулин мен глюкагонды бөлу, олар қанға бөлініп, глюкозаның деңгейін реттейді.

Егер қандай да бір себеппен жолдардың өтімділігі бұзылса, онда оларда ұйқы безі сөлінің қысымы артады. Бездің жасушалары зақымдалады. Жіті панкреатит кезінде тіндердің «өзін-өзі қорыту» механизмі іске қосылады. Созылмалы ағымды қабынудың нәтижесінде ас қорыту ферменттерінің тұрақты тапшылығы орын алады, бездік жасушалар дәнекер тінмен алмастырылып, кейіннен сыртқы секрециялық функцияның ғана емес, гормондардың бөлінуі де әлсірейді.

Жіктемесі және түрлері

Әртүрлі белгілер бойынша панкреатиттің көптеген жіктемелері жасалды.

Аурудың халықаралық жіктемесіне сәйкес төмендегілерді бөледі:

  • жіті панкреатит (АХЖ-10 коды К85);
  • алкогольді тұтынудан туындаған созылмалы панкреатит (АХЖ-10 коды К86.0);
  • басқа созылмалы панкреатиттер (АХЖ-10 коды К86.1).

Жіті панкреатиттің нұсқалары:

  • ісінген – без қызметінің тез дамыған бұзылуымен жүреді;
  • некроздық (панкреонекроз) – ауыр түрі, өз ферменттерінің әсерінен органның тіндерінің ыдырауымен ілеседі.

Ұйқы безінің созылмалы қабыну үрдісінің түрлері:

Түрлілігі Себебі Ерекшеліктері
Ізбестенуші (кальцификацияланушы) Алкоголь тұтыну Ұйқы безінің ұсақ жолдарының созылмалы зақымдануы оларда біртіндеп ізбестенуші бітелулердің пайда болуын туғызады
Обструкциялық Өт қабына тас байлану, ісік, тыртықтық деформация Ірі жолдардың қысылуы кезінде пайда болады; жасушалар жолдардың ішіндегі қысымның артуына байланысты қайтадан зақымдалады
Паренхиматозды-фиброздық Аутоиммундық процесс, қайталанушы қабыну Сирек кездеседі, бездік жасушалардың кең таралған зақымдалуымен ілеседі

Созылмалы панкреатит симптомсыз өтуі мүмкін, бірақ жиі ремиссия мен асқынулар кезектесіп отырады. Ремиссия кезінде емделуші шағымданбайды. Созылмалы қабыну процесінің асқынуы аурудың белгілерінің пайда болуымен көрінеді.

Себептері

Ауру келесі факторлардың әсерінен туындайды:

  • ағдайлардың 60%-да панкреатиттің себебі алкогольді тұтыну болып табылады; бірақ ауру тек ішетін адамдардың 5-7%-да ғана дамиды, бұл оған генетикалық бейімділікпен байланысты;
  • өт қабына тас байлану, өттің іркілуімен бірге жүретін созылмалы холецистит және басқа да күйлер;
  • он екі елі ішектің тыртықтық деформациясы, Фатер үрпісінің ісігі, яғни ұйқы безі сөлінің ішекке шығуына механикалық кедергінің болуы;
  • муковисцидоз – тыныс алу органдарының зақымдалуымен қоса жүретін бездердің секреторлық белсенділігі бұзылған генетикалық ауру;
  • жіті қабынудың қайталанушы эпизодтары арқылы көрінетін липидті алмасудың бұзылулары;
  • аутоиммунды аурулар (ұйқы безінің алғашқы зақымдануы, Шегрен синдромы, бастапқы билиарлық цирроз, беріштенуші холангит);
  • кейбір дәрілер – азатиоприн, фуросемид, тетрациклиндер, эстроген препараттары, преднизолон, метронидазол және басқалары.

Балалардағы панкреатит жиі туа біткен және жүре пайда болған (описторхоз) өт шығару жолдары мен ұйқы бездері құрылысының патологиясымен байланысты. Жиі баланың ауыру себебі іштің жарақатына байланысты. Инфекциялар – герпес, мононуклеоз, паротит, сальмонеллез белгілі бір әсерін тигізеді.

Симптомдары

Панкреатиттің негізгі симптомы – іштің жоғарғы бөлігіндегі әртүрлі қарқындылықты ауырсыну. Ол кенеттен пайда болуы немесе біртіндеп дамуы мүмкін. Бұл белгі жиі тамақ ішуден немесе алкогольді сусындарды қабылдаудан біршама уақыттан кейін пайда болады.

Симптомдары Панкреатиттің

Бездің жіті қабынуының белгілері:

  • белдің, жауырын арасының тұсында сезілуімен іштің жоғарғы бөлігіндегі кенеттен ауырсыну;
  • жүректің қатты айнуы және тынбайтын құсу;
  • тамақ ішуден кейін ауырсыну синдромының күшеюі;
  • құрсақ қабырғасының қол тигізу кезіндегі сезімталдығы;
  • безгек, қалтырау, халдің нашарлауы, әлсіздік.

Панкреатиттің созылмалы түрінің белгілері:

  • тамақ ішуден 2-6 сағаттан кейін күшейе түсетін іштің жоғарғы бөлігіндегі тұрақсыз ауырсыну; алкоголь ішкеннен кейін панкреатиттің асқынуы 2-3 күннен кейін дамуы мүмкін;
  • алдымен ауырсынудан қорыққандықтан тамақты тұтынуды азайтудан, содан кейін қоректік заттардың сіңуінің нашарлауына байланысты салмақтың біртіндеп азаюы;
  • қорытылмаған ақуыздар мен майлардың бөлінуіне байланысты жағымсыз иісті майлыланған нәжіс.

Бездік жасушалардың 80% жойылған кезде екінші қайталама қант диабеті дамиды.

Асқынулар

Панкреатиттің төмендегідей асқынулары болуы мүмкін:

  • оң жақ қабырға астында ауырсыну пайда болуымен өттің іркілуі, жүрек айнуы, күйік дәмі, өт тастарының түзілуі;
  • инфекциялық аурулар – өт жолдарының іріңді қабынуы, перитонит, сепсис;
  • ұйқы безінің тініндегі ірі қуыстардың пайда болуы;
  • өңештің зақымдалуынан, асқазанның немесе он екі елі ішектің жарасынан туындаған қан кету;
  • бауыр мен көкбауырдың тамырларының тромбозы;
  • плеврит – өкпенің айналасындағы қуыста сұйықтықтың жиналуы, асцит – құрсақ қуысындағы сұйықтық;
  • он екі елі ішектің арнасының қысылуы немесе тарылуы, оның өтімділігінің нашарлауы;
  • гипогликемиялық криз – глюкагонның жетіспеушілігінен туындаған күй, ол күрт әлсіздік, бұлшықет тітіркенуі, терлеу, жүрек соғуы, естің бұзылуымен сипатталады;
  • ұйқы безінің обыры.

Диагностика

«Панкреатит» диагнозын растау үшін шағымдарды, сырқатнаманы талдаудан, науқасты қарап-тексеруден басқа дәрігерлер зертханалық және аспаптық диагностика әдістерін қолданады.

Талдаулар

Бездегі ауыр қабыну процесі кезінде қанның талдауында тән емес өзгерістер анықталады: лейкоциттер санының артуы, ЭТЖ-нің өсуі. Осындай бұзылулар аурудың жіті ағымы және асқынуының үштен бір жағдайларында тіркеледі. Қалған науқастарда қан талдауында өзгерістер болмайды.

Аурудың негізгі биохимиялық белгісі – қан мен зәрде крахмалды бөлшектеу үшін қажетті ферменттердің көп мөлшерде пайда болуы. Бұл амилаза ферменті; зәрді зерттеу кезінде оны диастаза деп атайды. Сонымен қатар басқа ұйқы безі ферменттерінің: липаза, фосфолипаза А2, трипсин, эластазаның да концентрациялары артады.

Диагностика панкреатиттің

Панкреатиттің қосымша биохимиялық белгілері:

  • билирубин мен трансаминазалардың мөлшерінің ұлғаюы;
  • фибриноген деңгейінің ұлғаюы – қанның ұйығыштығының күшею белгісі;
  • глюкоза мен несепнәр концентрациясының жоғарылауы.

ОҚанда ферменттердің анықталуы аурудың жіті ағымы және патологияның созылмалы түрінің асқынуы кезінде байқалады. Көптеген науқастардың талдаулары қалыпты күйінде қалады. Сондықтан ауруды, әсіресе, оның созылмалы түрлерін диагностикалауда басты рөлді аспаптық зерттеулер алады.

Сыртқы секрециялық жетіспеушілікті, яғни ас қорыту ферменттерінің жетіспеушілігін анықтау үшін копрограмма – нәжісті зерттеу қосымша маңызға ие. Нәжісте бұлшықет талшықтары, бейтарап майлар, крахмал дәндері анықталады.

Аспаптық әдістер

Жіті панкреатитті диагностикалау үшін компьютерлік немесе магнитті-резонансты томографияның артықшылығы бар. Олар бездік жасушалардың бұзылуын, тіндердің ісінуін анықтауға мүмкіндік береді. Диагнозды лапароскопия жолымен растайды.

Ұйқы безінің созылмалы қабынуын диагностикалау әдістері:

  • рентгенография: ұйқы безі жолдарында кальцийдің шағын жинақталулары анықталды;
  • УДЗ: науқастардың 70% -ында тіндердің тығыздығының артуы, біркелкі емес кескіндер, өлшемдердің өзгеруі, жолдардың деформациялануы анықталады;
  • компьютерлік томография: аурудың псевдоісікті және жылауықты түрлері кезінде және қатерлі ісікті диагностикалау үшін пайдалы;
  • МРТ: бездің фиброзын, яғни онда дәнекер тіннің диффузиялық ұлғаюын диагностикалауға көмектеседі;
  • магнитті-резонансты холангиопанкреатография: сәулелік жүктемесіз инвазивті емес әдіс, ол жалпы өт және ұйқы безі жолдарының егжей-тегжейлі бейнесін жасауға мүмкіндік береді, конкременттерді, даму ақауларын анықтау үшін пайдалы;
  • ЭРХПГ (эндоскопиялық ретроградтық холангиопанкреатография) – бұл он екі елі ішекке енгізілген эндоскоп және жұқа катетер арқылы без жолдарын контрастпен толтыруды қамтитын зерттеу; аурудың өте ауыр жағдайларында және обырға күдіктену кезінде ғана қолдануға көрсетіледі;
  • эндоскопиялық ультрасонография – эндоскопиямен кешендегі УДЗ-ның заманауи әдісі, шағын конкременттер мен ісіктерді диагностикалау үшін ақпаратты;
  • ЭФГДС – қосалқы ауруларды – рефлюкс-эзофагит, асқазан жарасы, дуоденитті анықтау үшін өңеш, асқазан және он екі елі ішектің эндоскопиялық зерттеуі;
  • ангиография – органның тамырлық жүйесін зерттеу үшін контрастты енгізу, әдетте, қақпалық гипертензияны жоққа шығару үшін көкбауырдың бір мезгілде ұлғаюы кезінде жасалады.

Емдеу

Ұйқы безінің қабынуы әртүрлі себептерден туындауы мүмкін, әртүрлі симптомдары мен емі болуы мүмкін. Әр жағдайда панкреатитті қалай емдеу керектігін білу үшін гастроэнтерологқа тексерілу қажет.

Диета

Панкреатитке шалдыққан барлық емделушілерге емдік тамақтану көрсетіледі.

Асқыну кезінде 1-2 күнге дейін тамақтан бас тарту ұсынылады, содан кейін бірте-бірте қант қосылмаған шай, құрғақ нан, суға пісірілген сұйық ботқа, езілген көже, омлет енгізіледі.

Ремиссия барысында тамақтанудан майлар мен көмірсулардың мөлшерін шектеу пайдалы. Пешке немесе буға пісірілген тағамдарға артықшылық беріледі. Күніне 6 рет жылы тамақ ішу қажет.

Пайдалы өнімдер:

  • майлы емес ет, құс еті, балық;
  • сұлы ботқасы;
  • омлет;
  • соя өнімдері;
  • картоп.

Панкреатит кезінде қандай өнімдерді тұтынбау керек:

  • іштің кебуіне әкелетін (қара нан, бұршақ, жүзім);
  • құрамында ірі жасұнық бар (шикі көкөністер мен жемістер, тұтас дәнді ботқалар);
  • ас қорыту ферменттерінің бөлінуін ынталандыратын (майлы сорпа, қуырылған тағамдар, дәмдеуіштер, дәмқосарлар, ысталған, тұзды тағамдар).

Жіті панкреатитті емдеу

Жіті панкреатит кезінде ауруханаға жатқызу қажет. Емдеу көбінесе реанимация бөлімінде жүргізіледі. Қарқынды инфузиялық терапия (интоксикацияны басу үшін күре тамырдың ішіне ерітінді енгізу) және ауырсынуды басу жүргізіледі. Ұстаманың ұзақтығы бірнеше күнді құрайды.

Некроздық түрі кезінде өлі тіндерді алып тастауға бағытталған хирургиялық операция жасалады. Егер ұстама өт қабына тас байланудан туындаса, хирургтар өт қабын алып тастайды. Нәтижесінде ұйқы безінің қабынуы басылады.

Созылмалы панкреатитті емдеу

Микразим

Терапияда бездің ферментативті функциясын алмастыратын препараттар қолданылады. Микразим – бұл құрамында панкреатин бар заманауи дәрілік зат. Бұл зат жетіспейтін ферменттерді – липазаны, амилазаны, протеазаны алмастырады. Дәрінің микробөлшектерінің асқазанның қышқылдық ортасының әсеріне қарсы қорғанышы препараттың тез арада он екі елі ішекке енуіне мүмкіндік береді. Ферменттік терапия ұзақ уақыт бойы жүзеге асырылады, бұл ағзаның қоректік заттарды дұрыс сіңіруіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар емделуші диета ұстап, алкогольді ішуді тоқтатуы тиіс.

Панкреатиттің асқынуы орын алғанда ұйқы безінің функциясын ауырлататын заттар тағайындалады.

Егер ауру бездің шығарушы жолдарының өтімділігінің бұзылуына байланысты болса, оны жою үшін хирургиялық араласу қажет болуы мүмкін. Созылмалы панкреатит кезінде операция жасау көрсеткіштері:

  • ештеңеден жеңілдемейтін тұрақты ауырсыну;
  • псевдожылауық немесе эндоскопиялық емдеуге келмейтін жалпы өт жолының бітелуі;
  • без обырына күдіктену;
  • үнемі құсу, тұрақты салмақ жоғалту.

Профилактика

Ересектерде панкреатиттің алдын алудың негізгі тәсілі – алкогольдік ішімдіктерді тұтынуды шектеу. Балаларда ауруды болдырмау үшін тітіркендіргіш өнімдерді, фаст-фудты шектеумен дұрыс тамақтану, сондай-ақ жарақаттанудың алдын алу ұсынылады.

Екінші қайталама профилактика, яғни рецидивтердің, жітіленулердің және асқынулардың алдын алу төмендегілерді қамтиды:

  • алкогольдік ішімдіктерді тұтынудан бас тарту;
  • холециститті, өт қабына тас байлануды емдеу;
  • ферменттік препараттарды үнемі қабылдау және диета сақтау.

Егер осы шарттар орындалса, панкреатит ауыр зардаптарға әкеп соқтырмайды, оның өмір сүруге болжамы қолайлы.

 

Маңызды: қолдану алдында нұсқаулықпен танысыңыз немесе емдеуші дәрігеріңізден кеңес алыңыз.

ТАҒАЙЫНДАР ЖӘНЕ ҚОЛДАНАР АЛДЫНДА МЕДИЦИНАДА ҚОЛДАНЫЛУЫ ЖӨНІНДЕГІ НҰСҚАУЛЫҚТЫ МҰҚИЯТ ОҚЫП ШЫҒЫҢЫЗ
Aқпаратпен таныстым, жасыру